Қазақша посттар
Пайдалы кеңестер

Университеттің мектептен айырмашылықтары

Жаздың соңғы айында абитуриенттер таңдаған университеттері мен мамандықтарына түсе бастайды. Осыған орай, университет пен мектептің арасындағы айырмашылықтар жайлы сөз қозғауды жөн көрдік.


– Мектепте мұғалімдер оқушының оқу үлгеріміне байланысты жиналыстар ұйымдастырып жатады. Ал университетте студентке толық еркіндік беріледі. Сабақ оқымай жүрген болсаң, саған ешкім ұрыспайды. Бірақ сессия уақытында аты-жөнің универден шығарылғандар тізімінен табылуы әбден мүмкін.


– Сабақ материалы мектепте әр пәннің өзінің оқулығынан табылады. Университетте бұл мәселе кішкене қиынырақ. Толық материал тек сабақ барысында оқылатын лекцияда және әр пәннің пайдалану әдебиеттері тізіміндегі кітаптарда болады.

 

– Университетте оқу жылы тоқсандарға емес, семестрлерге бөлінеді. Семестрде неше апта бар екенін оқытушылардан біліп алуға кеңес береміз. Сонда сессияға дейінгі уақытты біліп отырасың және оған алдын-ала дайындала бастайсың.

– Студент атанғаннан кейін көк түсті мектеп формасын ұмытасың. Университетте студенттердің формасына байланысты қатаң ереже жоқ. Бірақ бұл, не дегенмен, оқу орны. Сол себептен киім таңдауда аса еркіндікке жол бермеген дұрыс. Өйткені сенің киіміне қарап, басқаларда сен туралы белгілі бір пікір қалыптасады.

– Айта кету керек, университетте бір күн сабақта болмасаң, ертесінде оның себебін сұрап, немесе медициналық справка талап етпейді. Дегенмен, сол бір күн үшін студент сессия уақытында қиындыққа тап болуы ғажап емес. Сондықтан мүмкіндігінше сабақтарды жібермеу керек.