Қазақша посттар
Мотивация

Сүйікті ісіңмен айналыс: nothing is impossible

Кішкентай Флориан қандай нәрсеге қызықса да, ата-анасы оған әрдайым қолдау көрсетіп: "Өзіңе ұнайтын іспен айналысып, сол істе шебер болуға тырыс" деп айтып отыратын.


Арада жылдар өтіп, Флориан әр нәрсені бір көріп, ақыры биологияға қызығып, өрмекшілерді зерттей бастайды. Сөйтіп биология ғылымдарының докторы атанады.


2003 жылы болған кештердің бірінде біреу Флорианды Polaroid фотокамерасына суретке түсіріп алады. Флориан әлгі суретті көріп, оны өміріндегі ең керемет сурет деп санайды. Осы оқиғадан кейін ұзақ ойланбастан полароидты фотосуреттерге қызыға бастайды. Алайда ол уақытта адамдар біртіндеп цифрлық суреттерге көшіп, полароидты фотосуреттер нарықтан шығып жатқан. Алайда бұл Флорианды тоқтатқан жоқ. Polaroid компаниясының менеджерімен кездесіп, полароидты фотокамераларды қайтадан жандандырғысы келетінін айтып, келісімшартқа отырады.


Бұл кездесуден кейін полароидты камералар қайтадан сатылымға шығып, әлі де болса адамдар оларға тапсырыс беруді жалғастырады.


2008 жылы полароидты фотосуреттер қайтадан ескіре бастайды. Тіпті полароидты суреттерге қажетті химия дайындайтын зауыттар да жабыла бастайды. Ал Polaroid компаниясының басшылары компанияны жабуға шешім қабылдайды.


Бұл хабарды естіген Флориан Polaroid компаниясының бір зауытын сатып алып, полариодты камераларға тағы бір мүмкіндік беруге шешім қабылдайды. Бұны естіген әрбір адам оған: "Бұл мүмкін емес" деп айтады, бірақ Флориан оларға: "Маған бір мүмкіндік беріп көрсеңіздер, мен бұл жобаны "The Impossible project" деп атайтын боламын» деп жауап береді.


Арада біршама уақыт өтіп, Флориан 10 адамнан тұратын шағын команданы жинап, полароидты камераларға "екінші өмір" беруді бастап кетеді. Оның кішкентай зауытында жұмыс қызу жүріп жатты. Алдымен полариодты камераларға қажетті химияны алмастырды, одан соң өз картридждерін шығара бастады. Біртіндеп полароид камералары өмірге қайтып келе бастады.


Флориан өз арманына адал болып қалды. Ол полароидты фотокамералардың болашағына сенді және соған сай әрекет етіп, өзіне және полариодты суреттерді жақсы көретін адамдарға қуаныш сыйлай білді. Осының арқасында, полариодты камералар жастардың назарын аударып, жобаның сәтті аяқталуына септігін тигізді.


Қазір Флориан сүйікті ісімен айналысуды жалғастырып, күн сайын басқалар мүмкін емес деп ойлаған нәрсенің мүмкін екенін дәлелдеп келеді.


"Егер адам өз армандары мен қалауларына берік болып, олар үшін күресуді ешқашан тоқтатпаса, оның болашағы міндетті түрде керемет болады" деп TED дәрістерінің бірінде өз ойын түйіндеген екен Флориан.