Суретші, архитектор, анатом, өнертапқыш, мүсінші және философ Леонардо да Винчи жайлы естімеген жан жоқ шығар. Осындай жан-жақты әрі дана адамнан біздің үйренеріміз көп-ақ. Сондықтан бүгінгі постымызда Да Винчидің даналық сөздеріне тоқталып, олардың мән-мағынасын ашуға тырысып көретін боламыз.
1. "Ғылым - қолбасшы, ал практика - жауынгер"
Жауынгерлердің көмегінсіз қолбасшының бірдеңе істей алуы екіталай және дәл солай қолбасшысы жоқ жауынгерлердің қолынан да, ештеңе келмейді. Сол себепті адамға ғылым да, практика да қажет.
Теориялық білімсіз жақсы нәтижеге жету қиын болатыны секілді практикасыз берілген құр теорияның да еш пайдасы жоқ. Сол үшін де, бұл екеуі әрдайым бірге жүргенде ғана адам жетістікке жете алады.
2. "Табиғаттың бәрін ойластырып қойғаны сонша, сенің айналадан үйренетін нәрсең жетіп артылады"
Бұл жерде Леонардо да Винчи әр нәрседен сабақ алуға болатынын айтады. Біздің жолымызда кездескен әрбір адамнан, айналамызда болып жатқан әрбір жағдайдан қандай да бір сабақ алып, ой түюге болады. Сондықтан да, айналаңа үнемі көз жіберіп, оқып-білуден ешқашанда жалықпауға тырыс.
3. "Темір қолданылмай, бос жатса, тот басып, құриды. Су тұрып қалса, сасиды. Ал адамның миы дамымаса, кері кетеді"
Леонардоның сонау ХVI ғасырда айтып кеткен сөзінің ақиқат екенін қазіргі ғалымдар дәлелдеп қойды. Ғалымдардың айтуынша, ми нейропластикалық қабілетке ие. Бұл ми және интеллекттің үнемі дамуды қажет ететінін білдіреді. Егер ара-арасында миды жаттықтырып тұрмаса, уақыт өте келе жұмыс істеу қабілеті төмендей түседі. Сол үшін де, жиі-жиі есте сақтау қабілетін және логикалық ойлауды дамытатын жаттығуларды жасап, қосымша нейробикамен де айналысқан дұрыс.