Депрессияны қараңғы бөлме десек, оның бір жерінде есік бар. Сол есіктің түр-түрін атап шығамыз. Қайсысынан шықсаң да бәрі жарық әлемге жол ашады.
1. Позитивті адамдармен аптасына 2-3 рет жолығып тұр. Ол досың, туысың, сыныптасың, жұмыстағы әріптесің болуы мүмкін. Сен губка сияқты олардың позитивті энергиясын сіңіріп аласың.
2. Негативті адамдардан қаш. Олар кездесуге шақырса, барма. Себебі олар сенің ауыр күйіңді одан сайын төмендетіп жібереді. Жоғарыда айтқан губка секілді, олардың жаман сезімдерін өзіңе тартып аласың.
3. Болашаққа үлкен жоспар жаса. Олардың орындалатынына сен. Себебі адамға армандау сезімі берілген. Демек, оны орындауға болады. Басқалар орындап жатыр, ендеше сенің де қолыңнан келеді.
4. Досыңды, туысыңды, бауырыңды құшақта. Тіпті итті, мысықты сипап, жылқының жалын тарап, олармен ойнау да депрессиядан шығарады.
5. Ойлау жүйеңді таразыла. Жаман ойларды қағазға жазып шық, сосын оларды жақсы ойларға алмастыр. Мысалы, «ҰБТ-дан құлайтын сияқтымын» деген сөздің орнына «ҰБТ-дан өзім қалаған мамандыққа грантқа түсуге жеткілікті балл жинаймын» деп жаз. Санаңды әрдайым аңдып отыр. Жаман ойлар кіре бастағанда, бірден басқа ойға ауыс.
6. Өзіңді мақта, көтермеле. Бұл сенімділікті арттырады. Өзіңнің бойыңдағы 10 ерекше қасиетті санамалап шық. Мысалы, саған көзіңнің түсі ұнайтын шығар. Біреу мақтаса, бірден жаман ойлап кетпе. Олар көбіне шынайы мақтайды.
7. Жаңа нәрселерге «иә» де. Джим Керридің «Әрқашан «иә» де!» деген киносын көрген шығарсың. Жаңа іс өзгеше күш береді. Егер ол мақсат болса, күн сайын ұсақ істерді тұрақты істеп, мәреге жақындай бер. Арасында бірнеше күн жіберіп алсаң, оған көңілің түспесін. Келген жерден жалғастыр.
8. Пайдалы тағам же.
9. Сапалы ұйықта.
10. Спортпен айналыс.
11. Танитын не танымайтын біреуге көмектес. Соның бақыты үшін күресіп көр. Біреудің қуанышты жүзіне себепкер болу үлкен бақыт сыйлайды.
12. Өмірлік миссияңды қалыптастыр. Ол міндетті түрде адамдарға пайдалы болуға тиіс.