Бірнеше күн бұрын біз шет тілін білудің маңызы мен пайдасы жайлы айтқан болатынбыз. Тіл жаттау оңай шаруа емес, сол себептен бұл процессті оңайлату жолдарын қарастырайық.
Тілді оқып қана қоймай, оны өміріңе енгіз
Сол тілді неғұрлым жиі көріп, қолданып жүретін болсаң, соғұрлым тезірек жаттайсың. Күнде не істейсің, не көресің, не тыңдайсың, соның бәрін өзің үйреніп жатқан тілге біртіндеп ауыстыр.
Тілді үйреніп бастаған күннен-ақ бірден дыбыстап оқып үйрен
Өтіп жатқан тақырыпты, сөздерді өзің оқып, дұрыс айтылуымен бірге жатта. Көбісі тек қана жазбаша түрде үйренеді, бірақ бұл дұрыс емес. Тілді жан-жақты жетілдіру керек.
Практика болмаса, бар еңбегің зая кетеді
Үйреніп жатқан тіліңді жетік деңгейде білетін адамдармен сөйлес, сұхбаттас. Тілді меңгерудің бастапқы кезеңдерінде-ақ осыны қолға алсаң, деңгейіңді оңай және тез көтересің
Сөздерді бір-бірден емес, толық фраза немесе сөйлем ретінде жатта
Біріншіден, сөздің мағынасы әртүрлі контекстте өзгертуі мүмкін. Екіншіден, фраза қылып жаттаған сөздер ассоциацияның көмегімен есте қалып, келешекте ұмытылмайтын болады.
Ең маңыздысы — тұрақтылық. Тілді үйренсең, сабақты үзбе.
Бір күн де болсын жібермей, қайталап, біліміңді толықтырып тұр. Егер күнделікті үйренетін болсаң бұл әдетке айналады және есіңде ақпарат жақсы сақталады.