Қазақша посттар
Мотивация

Өмір бойы от беріп тұратын арманың бар ма?

Арман адамға үлкен энергия береді. Ол ойыңа түскен сайын бойыңды қуаныш, шабыт кернейді. Әсіресе, ұйқыға жатар алдында ойласаң, ұйқың қашып, арманға жеткен сәттегі ләззатты сезінесің. Соған жетуге жоспар құрып кетесің.

Бір арман екі-үш айда орындалса, басқа арманның орындалуы бірнеше жылды қамтиды. Арман орындалған сәтте энергия да өшеді. Адам басылып, желі шыққан доптай боп қалады. Ойында «Осы-ақ па?» деген сөз тұрады. Сондықтан ғұмыр бойына созылатын арман қажет.


Мұғалім әр баланың бойында жасырынған қабілеттерді ашу үшін өмір бойы ізденеді. Дәрігер өзін күн сайын жетілдіріп, бұрын білмеген ауруларды емдеудің әдісін үйренеді. Программист халыққа пайдалы мінсіз бағдарлама жазады. Қажет десе, өндірісті автоматизациялаудың кодтарын жазады. Амазонның қоймасында жұмыс істейтін роботтар сияқты күрделі жобаларды да қолға алады.


Адам біреуге көмектескенде, пайдалы болғанда шын рақат сезімді бастан кешеді. Бұл біздің табиғи жаратылысымызға салынған бір дән. Сол дән өсіп, өркендеп, біздің әрдайым арманның соңында жүруімізге сеп болады.

Сен таңдаған мамандық – талай адамның мәселесін шешіп береді. Сондықтан оның қыр-сырын меңгеріп, әмбебап маман болуға ұмтылуың қажет. Мамандығың мен арманың ұштасса, тіпті керемет!

Мамандықтар туралы білгің келсе, JOO.kz мобильді қосымшасына кіріп, «Мамандықтар» бөліміне өт.