Қазақша посттар
Пайдалы кеңестер

Ағылшын тілін үйренуді жеңілдететін 5 лайфхак

Ағылшын тілін үйренуге құлшынысың бар, бірақ қалай тез әрі оңай үйренуге болатынын білмейсің бе? Ендеше мына TOP 5 лайфхак саған арналады:


#1 лайфхак: Смартфоныңдағы тілдік интерфейсті ағылшын тіліне ауыстырып қой. Бастапқыда сөздерді түсінбей, шатасуың мүмкін. Алайда уақыт өте келе жаңа сөздерді үйреніп, ағылшынша мәтіндерге әбден көзің үйреніп кетеді.


#2 лайфхак: Ағылшын тілінде фильмдер мен сериалдарды және әртүрлі шоуларды көбірек қарауға тырыс. Мысалы «Ellen show», «The Late Late Show with James Corden», сондай-ақ TED конференцияларын да қарауыңа болады. Бұлардың барлығы сенің listening және speaking қабілеттеріңді арттыруға көмектеседі. Сондықтан бар болғаны өзіңе ұнаған бір шоуды таңда да, ағылшын тіліндегі субтитрлерді қосып, қарауға кіріс.


#3 лайфхак: Ағылшын тілін енді үйреніп жүрсең, онда тіліңді жаттықтыруды ең бірінші балаларға арналған ертегілерді оқып, мультфильмдерді көруден бастап көр. Мысалы «Winnie-the-Pooh», «The Cat in the Hat» деген ертегілерді немесе Бэтмен, Супермен секілді өзің қызығатын комикстерді оқуыңа болады.


#4 лайфхак: Егер ағылшын тілінде сөздік қорыңды молайтып, күрделі сөздерді естігің келсе, онда BBC және CNN секілді жаңалықтарды қара. Ал жаңалық қарау іш пыстырарлық десең, онда подкаст тыңдауыңа болады. Қазіргі кезде әр адам өз қызығушылықтарына байланысты өзіне ұнайтын кез келген подкастты таңдап, тыңдай алады.


#5 лайфхак: Ағылшын тілін үйреніп жүрген достарың болса, барлығың қосылып, бірге ағылшынша сөйлесіңдер. Ағылшын тілінде жақсы сөйлейтін кәсіби мұғалімді тауып алып, содан сабақ алуыңа болады. Ағылшын тілінде грамматикалық қателермен сөйлесең де, практика жасауды ешқашан тоқтатпағаның жөн. Сонда тіліңді жаттықтырып, болашақта ағылшын тілінде еш қысылмай сөйлейтін боласың.