Қазақша посттар
Сирек кездесетін, жоғары бағаланатын қасиет
Пайдалы кеңестер

Сирек кездесетін, жоғары бағаланатын қасиет

Жауапкершілік – сирек кездесетін, жоғары бағаланатын қасиет. Жасаған істеріңе есеп беру дегенді білдіреді. Сондықтан қазіргі уақытта бұл жүкті көтерген адамды табу қиын. Әрекеттеріне есеп беретін адам аз.


Жауапкершілік арқылы өзіңді сенімді сезінесің. Ішің жайлы күйде жүреді. Ішіңнен маздайтын бір от тұрады.


Жауапты болу – мінсіз болу дегенді білдірмейді. Ешкім мінсіз емес екендігі әмбеге аян. Ересектер де жиі қателеседі. Сен де әлі талай қателіктер жасайсың. Кейде рұқсат етілмеген нәрселерді істеп қоюың мүмкін. Ондайда жауапкершілікті сезініп, мойныңмен көтересің. Біреудің көңілін қалдырсаң, кешірім сұрайсың. Біреудің ақысын жесең, қайтарасың. Бірнәрсені бүлдірсең, оны не жөндейсің, не жаңасын алып бересің.

Егер ол түзелмейтін жағдай болса, онда одан сабақ аласың. Тәжірибең жинақтала түседі. Ары қарай өзіңді дамытуға ұмтыласың.


Сен мінез-құлқыңа, сезімдеріңе, қабылдаған шешімдеріңе жауаптысың.

Уәде беру – жауапкершіліктің ең үлкені. Бір істі жасаймын дедің бе, онда өзіңнің ар-ұятың алдыңда жауаптысың. Біреуге уәде бердің бе, оның ар-ұяты алдында жауаптысың. Бұл жауапкершілік – қандай жағдай болмасын, істі соңына дейін жеткізу дегенді білдіреді. Мысалы, грантқа оқуға түсіп, ата-анамды қуантамын деп өзіңе уәде бердің делік. Кенеттен карантин боп мектепке келе алмадың; интернетке шығатын компьютерің болмай қалды; математикадан беретін апайың ауырып қалды. Бұның бәрі сені тоқтата алмайды. Себебі сен жауапкершілікті көтеріп алдың. Сабақты онлайн, интернеттегі мұғалімдерден оқисың. Интернетің болмаса, оны бірдеңе ғып табасың. Компьютерің болмаса, іздейсің. Матем апайдың орнын басатын адам іздейсің. Шешілмейтін мәселе жоқ.