Болашағың туралы ойланып көрші. ҰБТ-дан аз балл жинадың. Грантқа түсе алмай қалдың. Сыныптастарың қалаға кетті, ал сен ауылда қалдың. Ата-анаң, ұстазың, мектебің, туыстарыңнан ұяласың. Оқудан үміті үзілген шарасыз жандай боп қалдың. Бұны елестету қалай екен? Өзіңді аяп кеткен шығарсың? Ендеше мұндай күйге түскің келмесе, онда өзіңді қазір аяма. Жатпай-тұрмай ҰБТ-ға дайындал. 10 сынып оқушысы болсаң, ештеңе демес едім. «Әлі алдыңда бір жыл бар. Мұрын қанатпай, жәймен дайындала бер» деуші едім. Ал сен 4 айдан соң ҰБТ тапсырасың. Одан басқа қандай маңызды шаруаң бар?
Өзіңді аяма! Таңертең ерте тұр. Өзіне сенімді, грант ұтатын адамның бойында болатын қасиет – ерте тұру. Түнде сағат 12 болмай ұйықтап қал. Төсекте смартфон ұстап жатпа.
Өзіңді аяма! Ертең қандай пәндерге ҰБТ-дан дайындық жасайтыныңды қазір белгілеп қой. Сонда ертең нақты не істейтініңді алдын-ала біліп тұрасың.
Өзіңді аяма! Егер бір сұрақтың жауабын, бір есептің шығарылу жолын білмесең, соны білетін адамның қыр соңынан қалма. Интернеттен ізде, мұғалімнен сұра.
Өзіңді аяма! Кино, видео көргің келсе, санаңа айт: «Дәл қазір емес. Кейінірек. Грант ұтқан соң. Пайдасыз уақыт өткізу грант ұтатын адамның әдетіне жатпайды».
Өзіңді аясаң, аяма!