Кітап оқудың пайдалы екенін бәрі біледі. Сондай-ақ оқыған кітаптардың көпшілігі уақыт өте келе естен шығып, ұмытылып қалатыны да белгілі. Осы кезде мынадай сұрақ туындайды: "Бәрібір де ұмытып қалатын болсам, кітап оқудың не керегі бар?" Біз бұл сұраққа мына мысал арқылы жауап беруге тырыстық.
Бір күні шәкірті ұстазына келіп, былай деп сұрақ қойыпты: "Ұстаз, мен біршама кітаптарды оқыдым, бірақ олардың көбі есімде жоқ. Ендеше оларды оқудың мәні неде?"
Ұстазы оған ескі, лас елеуішті береді де, жақын жердегі өзеннен су алып келуін сұрайды.
Балаға бұл тапсырма ұнамағанымен, ұстазына қарсы келгісі келмейді. Елеуішті толтырамын деп өзеннің қасында күні-бойы жүреді. Бірақ елеуішті қанша толтырса да, суы төгіліп қала береді.
Ақыры үміті үзілген бала күн қарайғанда ұстазына барып, көңілсіз күйде: "Ұстаз, мен сізге су әкеле алмадым, себебі елеуіштің аты елеуіш, оған су толтыру мүмкін емес" - дейді.
Сонда ұстазы күлімсіреп: "Жоқ, сенің қолыңнан келді! Елеуішке қарашы, мен оны саған бергенімде ол ескі әрі лас болатын, ал енді мұнтаздай тап-таза болып, жылтырап тұр.
Есіңде ме, сен менен егер оқығаннан кейін есіңде ешнәрсе қалмаса, кітап оқудың не қажеті бар деп сұрап едің ғой. Ал енді көз алдыңа елеуішті - сана, суды - білім, ал өзенді - кітап деп елестет. Енді сұрағыңа жауап ала алдың ба?" - деген екен.
Физикалық жаттығулар біздің денемізді қалай жаттықтырса, кітап оқу да санамызды солай жаттықтырып, тазартып, жаңа біліммен толықтырып, ойлауымызды дамытады. Сол себепті де, кітап оқу - пайдалы. Тіпті оқығаныңның көбі есте қалмаса да, ең бастысы, санаң елеуіш секілді таза әрі жарқырап тұратын болады.