Грант университет немесе қалаға емес, мамандықтар тобына бөлінеді. Сондықтан құжат тапсырғанда бір мамандықты төрт оқу орнынан белгілеудің түк қажеті жоқ. Тек біріншісіне атаулы грант таңдасаңыз ғана сол мамандықты кейінгі таңдауыңызда қайталауға болады. Ең дұрысы мамандармен ақылдасып шешім қабылдау.
Құжат қабылдаған университет өзін таңдауды, өзінде бар мамандықты таңдауды ұсынуы, тіпті кейбірі бізді таңдамасаң, құжатыңды алмаймыз деуі мүмкін. Бұл заңсыз! Өзіңізге ең жақын университетке барып немесе egov.kz порталы арқылы грант конкурсына кез-келген университетті, қалаған мамандықты таңдай аласыз.
Биылғы ҰБТ-ның нәтижесі бойынша орташа балл көтеріліп жатыр, бірақ аса қатты емес.
Грант санына қарап мүкіндік жоғары деп ойлау да қате. Бұл жерде мәселе грант санында емес. Бастысы сол мамандықты қанша адам таңдағаны. Гранты көп мамандықты көп адам таңдауы да мүмкін.
Грант конкурсында орыс тобы, қазақ тобы деп бөлінбейді. Сондықтан, орыс тобы төмен болады деп орыс тобына талпынбаңыз. Ауыл квотасына балл қосылмайды. Тек конкурс бөлек болады.
Ауыл квотасы барлық мамандыққа берілмейді. Мысалы Халықаралық қатынастарда ауыл квотасы болмайды. Себебі ол жеңілдік бойынша түскендер кейін үш жыл ауылда жұмыс істеуге міндетті. Халықаралық қатынастарды бітіріп, ауылда істеу мүмкін емес. Ядролық физика мамандығында да солай.
Квотамен грант алғандар оның жауапкершілігін білуі тиіс. Оқу орнына барған соң квота бойынша оқығандармен келісім-шарт жасалады. Яғни қайтарым ретінде үш жыл ауылда істеу міндеттеледі. Осыған дайын болсаңыз ғана грантты алыңыз. Олай болмаған жағдайда мемлекеттің тегін оқытқан қаражатын қайтару керек болады.
ҰБТ-дан кейінгі грантқа түсетін 4 мамандықты дұрыс таңдауға көмектесеміз.