Йеркс-Додсон заңы: шабыт аз да, көп те болмау керек
Йеркс-Додсон заңы жетістікке жету үшін адамда мотивация деңгейі тым жоғары немесе тым төмен емес, орташа деңгейде болуы керек деп түсіндіреді. Оған дәлел ретінде мына мысалды алуға болады:
Пәленше деген бала мектепте сабағын үздік оқып, мұғалімдерінің ықыласына бөленеді делік. Ата-анасы мен мұғалімдері оған үлкен үміт артып, алдағы келе жатқан жоғарғы оқу орнына түсуге қажетті емтиханнан сүрінбей өтетіне толық сенімді болады. Алайда әлгі бала емтиханнан сүрініп, жоғарғы оқу орнына түсе алмай қалады.
Неге дейсің бе? Себебі балаға жан-жақтан қолдау мен қысымның көп болып кетуінен балада мотивация деңгейі өте жоғары болды. Оның еш сүрінбей өтетініне сенді, ал бала өтпей қалудан қорқып, өзіне жүктелген үлкен жауапкершіліктен стресс алды. Соның кесірінен емтихан барысында уайымға беріліп, тапсырманы орындай алмай қалады.
Көрдің бе? Өзіңе мотивация беретін кезде оның деңгейі тым жоғары немесе тым төмен болмауын қадағала. Жақсы нәтижелер көрсетіп, жетістікке жету үшін ынтаңды әрдайым орташа деңгейде (оптимум) ұстауға тырыс.