Кейде адамға екі мамандық та ұнап тұрады. Екі мамандық екі саланыкі не бір саланың ішінде болуы мүмкін. Мұндайда не істеу керек?
Сол мамандықта жұмыс істейтін адаммен кездесіңіз. Жұмыстың қыр-сыры, сұраныс, айлығы, болашағы – бәрі туралы сөйлесіңіз. Қиындығы, талабына шыдай аласыз ба? Кездесуден кейін көзіңіз ашылады.
Екі мамандық туралы толыққанда ақпаратыңыз болса, онда екі бағанға жазып, артықшылығы мен кемшілігін тізіп шығыңыз. Қайсысының артықшылығы көп болса, соны таңдаңыз.
Ең қызық тәсіл – жүректі тыңдау. Жүрек деген – құпия бір жаратылыс, тоқтамайтын мотор, рухтың ұясы. Ол ненің не екенін аздап сезетіні бар. Жатар алдында өзіңізбен сөйлесеңіз, кеңесіңіз. «Хирург болғым келеді. Мынадай шарттары бар. Сосын инженер-технолог болғым да келеді. Ол мынадай-мынадай мамандық. Қайсысын таңдаған дұрыс?» деп таразылаңыз. Ұйықтаңыз. Түсіңізде белгі болуы мүмкін.
Яғни, біреу келіп «хирург бол» деп айқайлап кетпес. Бірақ соған ишара беретін түс болуы мүмкін. Егер еш аян берілмесе, онда ертеңіне оянғанда жүрегіңізді тыңдаңыз. Хирург болу ұнаса, жүрегіңіз жеңілдік сезінеді. Ұнамаса, жүрегіңіз қысылады, аздап абыржу, ұнамағандық сезіледі.