Адамның беделін арттырып, басқалардың мойындауына себеп болатын – өзіне сену. Өзінің не істеп жүргенін білетін адам өзіне сенеді. Істеген ісінің дұрыс екенін білетін адамда сенімділік теңіз боп тулап жатады. Сенімділік – қолыңнан келетінін біліп, рахат сезімге бөлену.
ҰБТ сынақ емтиханнан әрдайым өз күшіңмен жоғары балл жинай берсең, шынайы ҰБТ-ға үлкен сенімділікпен кіресің. Себебі тағы да жоғары балл жинайтыныңды білесің. Грантқа жететін балл жинау қолыңнан келетініне сенімің мол.
Өзіңе сенудің төте жолы – қабілеттеріңді шыңдау, артықшылығыңды қолдану. Көзің, құлағың, қолың мен аяғыңды қолданып, түрлі өнерді, білімді үйренуге болады. Бірден қолыңнан келмейтіні анық. Сондықтан бетің қайтпасын. Жығылсаң, қайта тұрып, үйрене бер, үйрене бер.
Неғұрлым көп күш жұмсасаң, машықтансаң, соғұрлым қабілетіңді шынықтырасың. Жаңа қабілеттерің ашыла бастайды. Өзіңді жаңа қырыңнан тани бастайсың. Менің қолымнан мынадай нәрсе де келеді екен деп таңғаласың.
Өзіне сенетін адамның артынан халық ере бастайды. Өзеннен бір отар қой өте алмай тұрғанда, серке суға күмп беріп, жол бастайды. Сонда мыңдаған қой артынан ереді. Ал адам бұдан әрдайым жоғары. Өзіне сенімді адамның мақсатын қолдап, оны жүзеге асыруға қосылады.
Сондықтан, кез келген жағдайда өзіңе сен!