Қазақша посттар
Мотивация

Қолға алған істі аяқта!

Бітпей қалған іс мида жанып-өшіп тұрған лампочка сияқты мазаны алып тұрады. Оны Зейгарник эффекті деп атайды. Мидың бір бұрышында ылғи онлайн боп тұрғасын энергияны да тез тауысады. Сол үшін бастаған істі соңына дейін жеткізген дұрыс. Мейлі ол ұсақ іс болса да.


Ал бір істі толық аяқтасаң, оның әсері, беретін рақат сезімі келесі іске бірден кірісіп кетуге шабыт береді. Мысалы, бір есепті жарты сағат уақыт жұмсап, ақыры шығарсаң, келесі есепке құлшына кірісесің.


Кейбір іс 2 минутта бітсе, күрделі істер 3-4 сағат уақытты алуы мүмкін. Ал адамның зейіні мұнша ұзақ уақыт бойы шоғырланып тұра алмайды. Яғни, назарың 20 минуттан кейін басқа нәрсеге ауысуға бейім тұрады. Мұндайда күрделі істі ұсақ істерге бөлу керек. Соның бір бөлігін толық бітірсең, екінші бөлігіне кірісуге серпін береді.


Біткен істерді сызып отыру да жақсы мотивация береді.