Қараптан қарап шаршап жүресің бе? Былайша қарасаң ештеңе істемейсің. Бірақ сонда да шаршап тұрасың. Неге бұлай?
Адамда бір күнге жететін энергия қоры бар. Кейде аяқ астынан энергия қорын көбейту үшін кофе ішіп, спортпен айналысып, серуендейміз. Энергияны бір күнге жеткізу керек. Ал түске дейін-ақ шаршап жатсақ, демек энергия бір жерге кетіп жатыр деген сөз. Ештеңе істемесең де энергия қайда кетуі мүмкін?
Адамда өзін-өзі бақылау деген нәрсе бар. Көшеде кетіп бара жатырсың делік, мысалы, жігіт. Алдынан қыз шыға келді. Дереу шашын дұрыстап, иығын тіктеп, басын көтеріп, кеудесін шығарып, терең демалып, жүрісін түзейді. «Менің анау-мынау емес, мықты екенімді көрсін. Бейшара деп ойлап қалмасын» деген санада ой үйіріліп тұрады. Енді ойлашы, ол үйіне жеткенге дейін алдынан 20 қыз шықса, жағдайы қалай болады? Өзіңді ылғи бақылау – ылғи энергия жағу деген сөз. Өзіңді бақылау деген – жұрт мен туралы не ойлайды, мен туралы жаман ойлап қалмасын, мені дұрыс түсінбей қалып жүрмесін деген сөз.
Ал мұның шешімі – өзіңмен-өзің болу, шынайы бейнеңді көрсету, маскаңды шешу (ауыспалы мағынада). Біреудің көңілін табу үшін емес, өзіңе ұнағаны үшін жасау. Мысалы, ән айтатын қабілетің бар делік. Жұртқа жақсы көріну үшін айтсаң, энергияң кетеді. Ал өзің үшін айтсаң, онда саябақтың ортасында тұрып та айта бересің. Ары-бері өткендердің «Мынау қайыр тілеп, ән айтып тұр», «Өнер академиясына түспей қалған біреу шығар» деп ойлауы да саған әсер етпейді.
Өзіңмен-өзің бола аласың ба?