Істі кейінге қалдыру, ысырып қою - маңызды істерді үнемі кейінге қалдырып, оларды орындауға берілген уақыттың бітуіне шамалы қалған кезде әрекет ете бастау дегенді білдіреді.
Прокрастинацияның зияны өте көп және ол көбіне адамда өкініш, реніш, ұялу секілді сезімдерді тудырады.
Бұдан қалай арылуға болады?
Одан арылу үшін пайда болу себептерін табу қажет. Көп адамдарда прокрастинацияның пайда болуына мотивацияның жоқтығы себеп болып жатады. Ендеше бұл жағдайда не істеу қажет?
Бұл іс сен үшін шыныменде маңызды ма, соны сұра. Егер маңызды болса, не себепті оны жасауға құлшынысың жоқ? Осындай сұрақтарды қою арқылы не себепті кейінге қалдырып жүргеніңді анықтай аласың.
Әрбір істі соңына жеткізгеннен кейін өзіңді мақтап, арасында демалып тұруды ұмытпа.
Мінсіздікке ұмтылу көп ұзамай прокрастинацияға әкеліп соқтырады. Мысалы, саған үй жұмысына презентация жасау берілсе, бірнеше сағатыңды жай ғана шаблон таңдауға жұмсап, онда да ешқандай шаблонды ұнатпауың мүмкін. Тіпті презентацияны жасап шыққан күннің өзінде, өз жұмысыңа көңілің толмауы әбден мүмкін. Мінсіздікке ұмтылу өзіңе деген сенімділігіңді төмендетіп, мотивацияңды күл-талқан етуі де ғажап емес. Сондықтан мінсіз болуды ойыңнан мүлде алып тастап, оның орнына өз мүмкіндіктеріңді саналы түрде бағалап үйренгенің жөн.