Оқу керек сабақтар кімде көбейіп кететінін білесің бе? Прокрастинаторда. Ол – істі кейінге шегере беретін адам. Химия қиын ба? Онда ертең істейік дейтін адам. Шұғыл да, маңызды да емес сабақтар кейінге ысырыла беріп, шұғыл әрі маңызды іске айналады. Осылай жиналған шаруалар үлкейіп, сенің мысыңды басып тұрады. Қайсысынан бастарыңды білмейсің. Біреуін бітірсең де, әлі жүзі бар. Мұндайда не істеу керек?
1. Істі кейінге қалдыру әдетін қою керек.
2. Істі кейінге қалдыру әдетін қою үшін «2 минут» ережесін қолдан. Бір істі екі минут қана істеймін деп, өзіңді сендір. Сосын бастап кет. Бір бастаған соң 10 минут, 30 минут жасап тастағаныңды байқамай қаласың.
3. «2 минут» ережесін қолдану үшін «5 секунд» ережесін қолдан. Яғни, бір істі бастағың келмей тұрғанда, ішіңнен «5, 4, 3, 2, 1!» деп кері қарай санап бітісімен бірден бастап кет.
4. «5 секунд» ережесін қолдану үшін...басқа ереже жоқ. Егер осы әдіс көмектеспесе, онда әбден жатыпішер жалқау болып алғансың. Сені қамшымен ұрып үйрететін молдаға оқуға беру керек (қалжың).
5. Бүгін өткен сабақтың тапсырмасын бүгін орындап таста. Мұның пайдасы: бүкіл ақпарат басыңда тұрады. Әлі ұмытып үлгермейсің.
6. Демалыс уақытында қиын пәндерді бірінші оқып таста. Түстен кейін оңай сабақтарды орындай бересің.
7. Қазыны бірден асап жей алмайсың. Ал кесіп-кесіп бөліп жесең, тез тауысасың. Сол сияқты қиын сабақтарды бөліп-бөліп орында.