Қазір каникул болса да, бұл оқудың қажеті жоқ дегенді білдірмейді. Жетістікке жету үшін адам әрқашан жаңа нәрсені үйреніп, білімін жетілдіруі керек. Бірақ демалыста оқуға ынталарың болмауы мүмкін, сондықтан біз сендерге оқуға деген ынтаны сақтау туралы бірнеше кеңес жаздық.
1. Кішкентай қадамдармен үлкен жетістікке жетуге тырыс. Біз үнемі жұмыстың бәрін соңына дейін ысырып қойып, кейін бір күнде бәріне үлгере алмай жүреміз. Мұндайға тап болмау үшін күніне кем дегенде 1 сағатты сабаққа арнасаң, өзіңнің энергияңды және уақытыңды үнемдейсің.
2. Сабақ оқу сен үшін күнделікті әдетке айналса, оны жасау оңайға түседі. Белгілі бір іс әдетке айналуы үшін, онымен күн сайын бір ай бойы айналысу керек. Сонда сен сабаққа өзіңді қинамай, автоматты түрде кірісіп кетуге бейімделесің. 3. Қазіргі кезде сабақ оқу әдістері кең таралған. Соның бірі — "протеже" әдісі. Өзіңді мұғалімнің орнына қойып көр. Жаттау керек материалды басқа адамға қалай түсіндіріп берер едің? Дәл сол күйінде жазып алып, жатта.
4. Уақытты тиімді пайдалануға арналған бірден-бір техника — "помодоро". Бұл техниканың басты мақсаты адам миының шаршауына жол бермеу. Ол үшін әрбір 25 минут сайын 5 минуттық үзіліс алып тұрсаң болғаны.
5. Оқу процесін қызықты ету жолдарын қарастыр. Мысалы, танымдық мультфильмдер берілген тақырыпты жай ғана жаттап қоймай, оны жақсылап түсініп алуға да септігін тигізеді.