Бірінші вариант:
Сіздің әкеңіз не анаңыз - дәрігер. Атаңыз да дәрігер. Бұл отбасылық мамандық. Үйіңізде медицинаға қатысты кітаптар сөреде толып тұр. Сіз дүниеге келгенде-ақ дәрігер мамандығын басыңызға іліп қойған. Сіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да дәрігер болуыңыз керек.
Екінші вариант:
Қазір дәрігерлердің айлығын көтеріп жатыр. Әрі мемлекет айлықты үзбей беріп отырады. Сондықтан ата-анаңыз дәрігер мамандығын таңдауды талап етті. Немесе өзіңіз стоматолог болу арқылы ақшаға көміліп жатқаныңызды елестетіп, бірден дәрігер болам деп шештіңіз.
Үшінші вариант:
Үйіңізде бір бауырыңыз ауырып қалды. Емханаға ары сүйреп, бері сүйреп, байғұстың әбден мазасын қашырды. Әттең, отбасымызда бір дәрігер болғанда ғой! Өскенде дәрігер болам, осыдан қарап тұр! деп шешім шығардыңыз.
Қайсысы дұрыс?
Біздің ойымызша, кез келген мамандықты, мысалы дәрігерлікті жанымен қалаған кезде ғана таңдау керек. Негізгі мақсат - мен дәрігер болу арқылы адамдарға қалай көмектесе аламын? болу керек. Себебі нашар дәрігер елімізде жетеді, ал білікті дәрігерлер саусақпен санарлықтай.
Білікті дәрігер болсаң, ауылда жүрсең де сені шалғайдан іздеп келеді. Дәрігер тек білікті ғана емес, сонымен қатар жанды да емдейді, яғни жылы сөзімен шипа береді. Мұндай дәрігер үлкен-кіші, әйел-еркек деп бөлмей, бәріне барынша көмегін беруге әзір тұрады. Нағыз өз ісінің маманы атанған дәрігердің артынан ақша да, атақ та, жұмыс та, адамдар да еріп жүреді.
Сондықтан отбасылық мамандықты таңдасаңыз да, ақшасы көп төленетін мамандық таңдасаңыз да, өміріңізге әсер еткен бір оқиғадан кейін бір мамандықты таңдасаңыз да, мақсатыңыз айқын болсын: ол - адамдарға пайдалы болу.