Қазақша посттар
2022-08-04 14:16 Пайдалы кеңестер

11-сыныпты естен кетпейтіндей қалай өткізу керек?

11-сынып деген зу етіп тез өтетін кезең. Басыңмен ҰБТ-ға дайындыққа кіріп кетесің. Шыққан кезде бір жылың өтіп кеткенін білмей қаласың. Ал мектептің соңғы жылы деген ерекше сезімдерге толы уақыт емес пе? Оны қалай қағазға көміліп өткізесің? 

1. ҰБТ-ға дайындықты 10-сыныптан бастау керек. Өзіңді дайындықпен езіп тастамас үшін, аз-аздан күн сайын әрекет етсең, жетіп артылады. Сонда соңғы оқу жылында бос уақытың болады.

2. «10-сынып өтіп кетті ғой, қазір не істеуім керек» деп жатқаныңды білеміз. Ендеше бір жылдың жоспарын жаса. Аз уақыт емес. Жоспарда оқуға, тестке, дайындыққа, көңіл көтеруге, спортқа, мектеп шараларына уақыт бөлінсін. Күн сайын не істеу керектігін алдын ала біліп тұрсаң, миың энергияны соған лайықтап бөліп қояды.

3. ҰБТ деген стресске толы нәрсе. Сондықтан көңіл-күйің де аса көтеріңкі болмауы мүмкін. Мұндайда сынып боп жиналып, қыдырғанға ештеңе жетпейді. Тарихи орындарға, мұражайға, тауға, пикникке, ойынға, жағалауға барып, қолдан тамақ дайындап, қалжыңдасып, іштегі кірбіңді шығарып тастау керек. Бірақ үлкендердің бас-көз болуымен жүзеге асыру маңызды.

4. Жоғары сынып оқушылары мектеппен қоштасарда мұғалімдерге сыйлық сыйлап жатады. Онысы сөмке, шоколад, гүл, мультиварка сияқты таптаурын нәрселер. Ал сендер сынып болып, қолдан сыйлық жасаңдар. Сынып болып жасаған, қолдың ыстық табы тиген сыйлықтың беретін сезімі жоғары. Оны қалай жасайтындарың шығармашылық қабілеттеріңе байланысты.

5. Әр сыныптасыңа да сондай сыйлық жасасаң, оның есінде қалатының сөзсіз. Бірге суретке түсіп, инстаграмға салу дегеннің несі қызық? Одан да әр адамның қызығушылығын іздеп, соған лайық сыйлық жаса. Кітапқұмар сыныптасыңа сирек кездесетін әрі өзі іздеп жүрген кітапты тауып бер. Гүлді жақсы көретін қызға ерекше гүл жарып тұрған кактусты бер. Сурет салуды жақсы көретін адамға өз портретіңді салдырып, рамкаға салып, іліп қой. Идея көп қой. Дубайға барғысы кеп жүрген досыңа бизнес-классқа билет алып...Қалжың ғой.