1. Ең алдымен өзіңнің күні бойы жасайтын істеріңнің тізімін бір қарап шық. Содан соң тізімнен сенің уақытыңды ең көп алатын істерді бөліп ал. Енді бөліп алған істеріңді маңыздылығы және қандай нәтиже беретіндігі бойынша 10 баллдық шкаламен бағалап шық. Бәлкім, олардың арасынан сен үшін пайдасы жоқ істер табылып қалар.
2. Күн сайын кешке ертеңгі күніңе жоспар құрып отыр. Жоспарлағанда дәптеріңе ұсақ-түйек істерге дейін жазып қой. Дәл осындай қалыппен күнде жоспар құрып отыратын болсаң, уақытыңның қайда кетіп жатқанын бақылап, өзің үшін шынымен де маңызды нәрсеге бос уақыт табуды үйренесің.
3. Егер өзің қалаған іспен айналысып, бос уақыт тапқың келсе, тайм-менеджменттің әдістерін үйреніп алуға кеңес береміз. Тайм-менеджмент - тұнып тұрған бір ғылым. Бірақ оны толықтай меңгер демейміз, тек өзіңе ұнаған бірнеше әдістерін үйреніп, күнделікті өміріңде қолдан. Мысалы, жоспарлау, алдыңа дұрыс мақсат қоя білу және тізімдерді құрастыру деген сияқты тақырыптарға қатысты тайм-менеджментте көптеген әдіс-тәсілдер бар. Солардың біреуін болса да үйреніп, жеке тәжірибеңде қолдансаң, күн тәртібіңді ретке келтіре алатыныңа сенімдіміз.
4. Әр апта сайын міндетті түрде "Өз күніңді" ұйымдастыр. Бұл күнді тек өзіңе арнауың керек. Таңдалған күні сені ешкім іздеп, қоңырау шалып, алаңдатпауы қажет. "Өз күніңде" тек өз шаруаларыңмен ғана айналыс: музыка тыңда, кітап оқы, демал, компьютерлік ойындар ойна, серуенде немесе спортпен айналыс. Әйтеуір қалағаныңның барлығын істеп, ештеңені де ойлап, уайымдамауға тырыс. Және де бұл күні өзіңе ұнаған шаруалардан басқа ешқандай да шаруа жасамауың қажет екенін есіңде ұста.