Қазақша посттар
Пайдалы кеңестер

Мұғалімдерді тыңдаған дұрыс па?

Әрине, мұғалімдерді тыңдаған дұрыс. Олар бізге бағыт-бағдар көрсетуші. Бірақ бәрі бірдей емес. Айтқандарын 100% қабылдауға болмайды. Өзіңнің сыни ойлау жүйеңнен өткізу қажет. Ал егер мұғалім "Таңдап жатқан мамандығыңа грантқа түспейсің. Одан да мына мамандықты таңда", "Мамандыққа қарай емес, грантқа қарай ыңғайлан" десе, не істеу керек?


1) Мұғалім дұрыс бағыт берсе, тыңдау керек. Ал мектептің не өзінің абыройы үшін бағыт берсе, онда тыңдамау керек. Мысалы, «сен ҰБТ тапсырмай-ақ қой. Аттестат алып, кәсіптік оқуға түс», яғни «мектептің рейтингін құртасың» деген мағынадағы әңгіме айтса, онда мүлдем тыңдамаған абзал.


2) "Ақпараттық технологиялар" мамандығын таңдадың делік. Оған грантқа түсуге шектік балл - 106. Ал сен сынақ емтихан тапсырған сайын 60-70 жинап жүрсең, мүлдем өсім болмаса, онда демек басқа мамандықтарды да «план Б» ретінде есепке алып жүру керек. Мұндайда мұғалімің әлгіндей кеңес берсе, саған жаны ашып тұрғаны.


3) Ал егер "Жалпы медицинаны" таңдасаң, ал алып жүрген баллың – 105 болса ше? ҰБТ тапсыруға дейін әлі бірнеше ай бар. Бұл мамандыққа шектік балл – 117. Демек дайындығыңды күшейтсең, шектік баллға оп-оңай жетесің. Мұндай жағдайда ұстазыңды тыңдамай-ақ, өзің ұнатып таңдаған мамандығыңда қалғаның дұрыс.


4) "Мақсатың жұлдыз болсын. Сонда тым құрығанда Айға жетесің" демекші, ең жақсы мамандықты таңдап, соған ұмтыл. Кейін ҰБТ-да жинаған баллыңа қарай, грантқа түсетін кез келген мамандықты таңдай аласың. Бастысы, бір білім беру тобында болғаны дұрыс.