Денсаулық әрқашанда бірінші орында тұруы керек. Сабақ та, тест те сенің денсаулығыңа зиянын тигізбеуі қажет. Егер денсаулығыңды қазірден күтіп, қолға алмасаң, болашақта тым кеш болуы мүмкін. Сол себепті де, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздегенің жөн.
Таза ауа жұтып, бір уақыт сергіп қайтуға не жетсін! Төменде күніне бар болғаны 20 минут серуендеудің ағзамызға қандай пайда алып келетіні жайлы айтатын боламыз.
- Компьютердің алдында ұзақ уақыт қозғалмай отыру мойынның, арқаның, омыртқа пішіндерінің өзгеруіне және басқа да түрлі ауруларға алып келуі мүмкін. Сондықтан әрбір 40-45 минут сайын орныңнан тұрып, денеңді созып, бұлшық еттеріңді демалтып ал. Және де күніне, ең болмағанда, 20 минуттай серуендеп, барынша көбірек қозғалуға тырыс.
- Көп қозғалу дене массаңды бір қалыпта ұстап, артық салмақтан арылуға көмектеседі. Зерттеулер нәтижесінде күніне 20 минут серуендеп, физикалық жаттығуларды жасау, ас қорыту жүйесінің жұмысын жақсартып, денсаулықты нығайтатыны анықталды.
- Таза ауада серуендеу ойларыңды жинақтап, стресстен арылуға, кейде тіпті өзіңе деген сенімділікті көтеруге де көмектесе алады. Ал жиі-жиі серуендейтін болсаң, қан қысымың қалыпқа келіп, ұйқың дұрысталып, көңіл-күйің жақсаратын болады.