Қазақша посттар
2022-07-28 16:44 Пайдалы кеңестер

Альтруизм деген не?

Біреуге ықыласпен көмектесуді альтруизм дейді. Қайтарым күтпей, тек шынайы көмек беру. Мейлі дүниемен, мейлі қол еңбегімен, тіпті жақсы сөзбен.

Нарықтық заманның заңдары санамызға әбден сіңіп қалғандықтан, бізге танымайтын біреу үшін уақытыңды сарп ету түсініксіз боп көрінетін шығар. Бірақ надандықтан арылып, осындай бір жақсы нәрсенің бар екенін ұғынайық.


Кімге, қалай көмектесу керек?

- Ең алдымен көмекке ең көп мұқтаж адамға жәрдемдесу керек;

- Адамға балық емес, қармақ беру керек. Балық бере беріп, жеңіл ақшаға құныққан қайыршы қыласың;

- Қоршаған ортаға көмек беру де ең маңызды іс. Қоғамдық орынды қоқыстан тазалау қазіргі уақытта ең ардақты іс.

- Қол еңбегі және жеке уақытыңды бөліп жасаған көмек ақшадан қымбат;

- Көмек міндетті түрде үлкен болу қажет емес. Жерде жатқан пакетті алып, қоқыс жәшігіне тастау; автобусқа балалы әйелдің коляскасын мінгізіп беру; есептен нашар балаға оны шешудің оңай жолын үйрету; еден жуатын қызметкермен амандасу; мектепте ас беретін аспазға тамақтың дәмді болғанын айтып, алғыс білдіру;

- Өзіңе ең жақын ортаға көмек беру. Ол, әрине, ата-анаң, бауырларың, туыс, көршіден басталады. Жақыныңды қарық қылмай, басқаларды жарылқап абырой таппайсың;


Риясыз, қайтарымсыз көмек беру адамға өте пайдалы. Мұндай жандар өздерін ылғи бақытты сезініп жүреді. Депрессиядан жүз километр алыста болады. Өзінің басқа адамдарға әрдайым қажет екенін сезінеді. Ұзақ өмір сүреді. Үлкендердің алғыс батасын алады.

Қайтарым күтпей, жақсылық жасау деп қайта-қайта айтып жатырмыз. Қайтарым күту – біреуге көмектессең, ол да саған көмек беру керек деген сөз. Ал бұл жақсы қылық емес. Жақсылық бәрібір еселеп қайтады. Саған қайтпаса да, бауырыңа қайтады.

Жақсы сөз, жақсы іс – альтруизмнің негізгі тіректері.