Еріншектік
Әу баста еріншек емес едіңіз. Тынбай жүгіріп, ананы көрсем, мынаны білсем деген ынта байып тауып отырғызбайтын. Кейін келе біраз затты білген соң, істемеуге болады , кейін істеуге болады деген түсінік пайда болды. Жұмысты дәл қазір істегіңіз келмейді. Оқудың бетін ашқыңыз келмейді.
Шешімі: бір күнде бітіру керек істің тізімін жазып қойыңыз. Соларды бітірмей, басқа пайдасыз уақыт өткізетін іске кіріспеңіз.
Жамандау
Біреуді жамандайын деп жамандамаймыз. Ол адам жаман болғаны үшін жамандамаймыз. Аузымыздан сөздің қалай шығып кеткенін байқамай қаламыз. Тек өзіміздің мінсіз екенімізді көрсеткіміз келеді. Мысалы, біреу шалынып құлап, телефонын сындырып алды. Біз оған күлеміз, мынауың соқыр ма, көзіне қарап жүрмей ме деп сыртынан айтамыз. Сондағы айтпағымыз мен оның орнында болсам, құламас едім. Телефонды сындырмас едім .
Шешімі: бір күн бойы көз алдыңыздан өткен әрбір адамның жақсы жағын тізіп көріңіз.
Үлкеннің сөзін тыңдамау
Рас, үлкендер жұмсай береді. Әсіресе, ата-анаң. Түу бір, неге мені жұмсай береді екен деп кейіп қаласыз.
Шешімі: бұлар мені жұмсай береді деп емес, мен бұларға қажетпін, көмегімді тигізуім керек деп ойыңызды өзгертіңіз. Себебі біреуге көмектескенде адам бақыттың дәмін сезінеді. Ата-анаңызға ақысыз көмектескен сайын көңіліңіз гүлдей жайнайтын болады.