ҰБТ-ға жақсы дайындалсаңыз да, оның бәрінің күлін көкке ұшыратын бір нәрсе бар. Ол қобалжу. Себебі қобалжысаңыз, бәрін ұмытып қаласыз. Білетін сұраққа күмән туады. Алда Наурыздағы тест сынағы келе жатыр. Ақылы бөлімге түскісі келетіндер оған қатысады. Тест барысында қобалжудың қақпанына түспеу үшін мына үш әдісті біліп алыңыз.
Біріншіден, өз-өзіңе деген сенім. Сен жыл бойы (мүмкін бірнеше жыл) осы күн үшін, дәл осы сәт үшін дайындалдың... Әрине, ҰБТ сенің бүкіл өміріңді шешетін сынақ емес. Дегенмен алдағы 4 жылыңның қалай өтетінін осы тест шешеді. Сондықтан, сенің қолыңнан келетініне мен сенемін. Сен де СЕН!
Екіншіден, сасқалақтамау. ҰБТ кезінде сенің айналаңда толған у-шу, айқай болуы әбден мүмкін. Егер сен осылардың әрқайсысына жалтақтай берсең әрі уақытыңды, әрі фокусыңды жоғалтасың. Сондықтан да, фокусты тек алдыңдағы тест кітапшасына бұр!
Үшіншісі - ұйқы. Сапалы ұйқы жақсы көрсеткіштің алғышарты. Яғни, сен 100% ҰБТ-ға дайындалып, бірақ сол күнгі ұйқың дұрыс болмаса, тынықпаған ми барлығын тұмандатып жібереді. Ұйықтардан бір сағат бұрын телефонды оятқышқа қойып, басқа бөлмеге қалдыр. Ерте ұйықта. Таңертең күн шығардан бұрын оян. Ары қарай ұйықтама. Құнарлы таңғы ас іш.
ҰБТ алдында көп уайымдап, өзіңді қинама! Мазасыз ойлар жүйкені жұқартады. Ал тестте мықты жүйке керек болады.