Қазақша посттар
Пайдалы кеңестер

Кез келген уақытта жұмыс табылатын 10 мамандық

Кейбір мамандық иелеріне әрдайым жұмыс табылады. Солардың тізімін ұсынып отырмыз.


1. Инженер-технолог. Жыл сайын инженерлер зейнетке шығып жатыр. Олардың орнын толтыратын мамандар керек. Бұлар кез келген салада әрдайым сұраныста. Құрылыс, машина саласында, химия саласында жұмыс істейтін компанияларда бұл маман иелері тапшы.


2. Дәрігер. Адамдар бұған дейін де ауырған, қазір де ауырады, бұдан кейін де ауырмақ. Тіпті жақсы хирургтың орнын робот алмастырса да, ол роботты басқаратын жақсы хирург керек. Сондықтан медицинаның кез келген саласына жақсы дәрігерлер керек.


3. Психолог. Қазір депрессия, стресс, екіойлы күйде жүрген адам көп. Бұл – осы ғасырдың ірі аурулары. Тек медицина орталықтары түгіл, оқу орындарына да жақсы мамандар жетіспейді. Әр мектептің өзінде оқушыға бағыт беруші психолог керек.


4. Химик. Өмір деген тұнып тұрған химия. Жейтін тамаққа да кіріп кеткен. Нанның құрамында қанша ингредиент болу керектігін де химиктер бақылап тұрады. Цемент дұрыс шықпай қалса, нашар химиктің жұмысы деп біліңіз және ол жұмыстан қуылды. Оның орнына жақсы химик керек.


5. Аудармашы. Әлемде қаншама тіл бар, оның ішінде ең көп қолданылатын он шақты тіл бар. Солардың қайсысын жақсы білсең де саған жұмыс бар. Әсіресе, ағылшын тілін жетік білсең, бүкіл әлем сені жұмысқа алуға дайын. Қарапайым курс ашып алудан бастап, мектепке мұғалім, бизнесте аудармашы болып, сұмдық ақша табуға болады.


6. Маркетолог. Біз бәріміз сату-сатып алу процесіне қатысамыз. Нарықта әрдайым тауар мен қызмет жүреді. Кез келген тауарды сатып алушыға өткізіп жіберетін мықты сату мамандары компанияға ауадай қажет.


7. Қаржы маманы. Компанияның ақшасын реттеп отыратын маманға сұраныс әрдайым жоғары. Ал егер өз ісін мықты білетін маман болса, бірнеше компанияда қатар істеп, орасан ақша таба алады.


8. Ақпараттық технология маманы. Қазіргі заманда бұл мамандардың бас сұқпайтын жері жоқ. Бүкіл компьютер, интернет, ұялы телефон, әлеуметтік желі осы мамандардың біліміне тәуелді.


9. Сәулетші. Адам болған соң үйден бастап, мектепке дейін салуға мәжбүрміз. Маман нашар болса, үй құлайды. Мықты сәулетші тек елде ғана емес, шетелдік компаниялар да жұлып әкетуге дайын.


10. Құқық қорғау саласы. Сот, адвокат, полиция, прокурор мамандар – қоғамның ажырамас бөлшектері. Өз ісін жақсы білетіндер үшін әрқашан жұмыс табылады.

Тағы қай мамандық бойынша кез келген уақытта жұмыс табуға болады?