Асыра негіздеу эффектісі - бір істі істегеніңіз үшін сыйақы алу, сол істі істеуге деген ішкі мотивацияңыздың төмендеуі. Мысалы: суретші сурет салып, оны бояп, әрлегеннен ішкі мотивация алады, бұл оның сүйікті ісі және бұл үшін ол ешқандай ақы алмайды. Енді суретшіге бір кісі ақша төлеп бастады делік. Уақыт өте келе суретші суретті ақша үшін ғана салатынын сезініп, сурет салу бұрынғыдай қызық емес бола бастағанын көреді. Яғни, суретші ақша алғаны үшін, оның ішкі мотивациясы бірте-бірте сөнеді.
Бұл эффекттің мәні мынада: біреуден ақы алу үшін немесе басқа да материалдық стимулдар үшін жақсы көретін ісіңізді жоғалтып алмау. Мектепте де, тек 5 алу үшін, апайлардан жақсы сөз есту үшін сабақ оқымаңыз. Географияны жақсы көрсеңіз, оны біреу үшін емес өзіңіз үшін оқыңыз. Әр нәрсені жасағанда оған берілетін сыйды күтпей, сол іске беріліп, қызығушылықпен жасауға ұмтылыңыз. Егер өз ісіңізді жақсы көріп, профессионал болсаңыз, сый да ақша да өзін көп күттірмейді. Бастысы - нені ұнатасыз, сонымен айналысып, соған берік болуыңызда.