Бір кісі қор биржасына қызығып, ақшасына акция сатып алады. Түрлі эксперттердің сұқбатын көріп, кітаптар оқып, осы салада біраз ақпарат жинайды. Сөйтіп акцияны бірде сатып, бірде қайта сатып алып жүріп, бір күні шығынға батады. Соңында бір мықты кісіден көмек сұрайды. Ол оған шектеулі шығындар қағидасын үйретеді.
Мысалы, елу мыңға акция сатып алдың. Шектеулі шығының максимум бес мың болсын. Яғни, акция арзандап жатса, қырық бес мыңға келгенде қайта сат. Сонда шығының небары бес мың болады. Ал қымбаттап жатса, әрине, пайда көресің.
Бұл кісі осы қағиданы тек қор биржасына емес, өмірдің түрлі саласына қолданып, табысқа жетеді. Ал біз оны ҰБТ-ға қалай қолдана аламыз?
- ҰБТ-дан аз балл жинап қалғанда бір апта бойы көңілсіз жүрме. Максимум 1 сағат қана көңілің түсуіне рұқсат бер. Ары қарай өзіңді қолға алып, дайындалуды, қатемен жұмыс жасауды жалғастыр.
- Математикадан қате жауабың 5-еуден аспасын. Қай сұрақтардан жиі қате жібересің, соған бір күніңді арна. Басынан аяғына дейін зерттеп, енді қателеспейтіндей жаттық.
- Достарың көп екені анық. Егер зиянды, жаман достарың көп болса, бәрінен бас тарт демейміз, бірақ 1-2-еуден аспасын. Қалғаны түгел мақсаты бір, позитивті достар болсын.
- Грантты уайымдап жүрсең, ол уайым ішке түсіп кетсе, үлкейеді. Ары қарай маза бермейтін болады. Ал сен уайымдауға небары бір минут қана уақыт бер. Ары қарай уайымға жол берме. Ойыңа келсе, мән берме. Өзі өшеді.