Саған Қазақстан тарихынан максимум балл жинайтын деңгейге жету керек. Ол үшін 5-11 сыныптың тарих оқулықтарын, тест кітаптарын, қосымша материалдар оқу керек. Бұны ойлаудың, елестетудің өзі қорқынышты. Мұнша қиын істі қорықпай, тез бітірудің әдісі бар ма?
Бұл техниканың аты – келесі қадамды жасау. Саған 1000 м жүру керек десек, сен тек бірінші қадамды ғана ойлайсың және соны ғана жасайсың. Бірінші қадам жасалған соң, енді тек екінші қадамды ғана ойлайсың. Одан кейінгі 998 қадамды ойламайсың. Сен үшін тек келесі қадам, келесі әрекет қана маңызды.
Жоғарыда айтқан тарих мысалын ары қарай өрбітсек, сен үшін алғашқы қадам: «Тас ғасырындағы Қазақстан» бөлімінен алғашқы тақырыпты оқып шығу.
Келесі қадамды ғана ойла. Келесі қадам – сенің нашар білетін тақырыбыңның бірі: "Кенесары көтерілістері" туралы оқу.
Дәл осылай жасасаң, миың үлкен істен қорықпайды. Ұсақ істерді қуана істейді. «Ойбай, ҰБТ-ның бес пәніне дайындалу деген өте қиын әрі ұзақ!» деп жылама. Бар болғаны келесі қадам қандай екенін ойластыр. Ойың маусымдағы ҰБТ-да емес, дәл қазіргі оқып жатқан сабағыңда болсын.