Қазақша посттар
Пайдалы кеңестер

Бүгін жасауға болатын нәрсені ертең істе

«Наконец-то! Рахмет, осындай бір пост күтіп едік» деп бірден қуанып кетпе. Бұл жерде айтпағымыз басқа.


Нәпсімізді қиып, қиын істі орындап жатсақ, жан-жақтан еліктіргіштер өзіне тартады. Ұйқыны қиып ҰБТ-ға дайындалып жатсаң, смартфоннан видео көргің келеді. Математикадан есеп шығарып отырсаң, тикток не инстаграмға кіргің келеді. Тарихтан «Ұлы Қытай қорғаны» туралы параграф оқып отырсаң, Матт Деймон түскен «Great Wall» киносын көргің келеді.

Осындай кезде «Жарайды, дәл солай істейін. Бірақ қазір емес, кейінірек. Бүгін емес, ертең» деп өзіңді оңай көндіре аласың. Бастысы, мидың қақпанына қарсы шықпай, көндің. Тек уақытын кейінге шегердің. Сондықтан ми қарсыласпай, жалқаулыққа шақырмай, жасап жатқан істі соңына дейін жеткізеді.


Егер мұндай еліктіргіштерге қатаң түрде «Жоқ!» десең, ми әрдеңені еске салып, ақыры дегеніне көндіреді. Тәртібі мықты, ерік-жігері мығым адам болмасаң, еріп кету оп-оңай. Ал жоғарыда айтылған әдісті қолдансаң, ми да тыныш, шаруа да бітеді.

Бұл әдісті қолданып талай адам темекісін тастаған. Семіздік дертіне шалдыққандар артық салмақтан құтылған. Ақшаны негізсіз жарата беретін шопоголиктер ол әдеттен айыққан. Сен де өмірлік жағдайларда, ҰБТ-ға дайындыққа қолданып көр.