Кітап оқу, спортпен айналысу және ҰБТ-ға дайындалу секілді пайдалы әдеттерді бір күнде қалыптастыру мүмкін емес.
Неге?
Себебі бұл әдеттер өз нәтижесін жуық арада көрсетпейді. Бір кітап оқып, бәрін білемін деп айта алмайсың, сол секілді бір күн жаттығу жасап, спортшы атанып кете алмайсың. Осы себептен де, біздің миымыз түнде ұйықтаудың орнына әлеуметтік желіде отырғанды жақсы көріп, пайдалы әдеттерге қарағанда, пайдасыз әдеттерге анағұрлым үйір.
Алайда пайдалы әдеттерді де қалыптастыруға болады. Ол үшін не істеу қажет?
Егер сен кітап оқуды әдетке айналдырғың келсе, онда алғашқы аптада кітаптың бірінші бетін оқымай, жай ғана ашып, содан соң қайтадан жауып қоюға дағдылан. Ал екінші аптада кітапты басынан бастап, күніне 1 беттен оқуға ұмтыл. Ең бастысы асығып, бірден нәтижеге жетуге талпынбау керек. Аз-аздан, бірақ тұрақты түрде қайталап отырсаң, соның өзі де жеткілікті. Сондай-ақ ми мақтау сөз естіп, кітап оқуға энергиясын жұмсағаны үшін сый алғанды ұнатады. Сондықтан әдет қалыптастырудағы әрбір нәтижеңді елеп, өз-өзіңді қолдап отыруды ұмытпа.
Дәл сол сияқты басқа да әдет мен дағдыны бойыңа сіңіріп, өміріңнің бір бөлігіне айналдыруды көздесең, жоғарыда берілген мысалға сүйене отырып, әрекет ет.