Көшеде кетіп барасың. Орындықта шулап отырған жастар күліп жатыр. «Бұлар маған күліп жатыр» деп ойлап, бірден түрің жаман боп кетеді. Ал олар мүлдем басқа нәрсеге күліп жатыр. Мұндай сезімді бастан өткеріп пе едің?
1) Мұндай сезімнің артында бұрын болған оқиғаның әсері жатуы мүмкін. Бала кезіңде айтқан нәрсеңді орындамаған шығар, артық сынаған шығар. Ондай оқиға болса, «өткен іс өтті, оны өзгерту мүмкін емес» деп, жаңа өмір бастау керек.
2) Адамдардан бірнәрсе күткенде, күткен нәрсең орындалмаса, ренжи бастайсың. Бұның шешімі: ешкімнен ештеңе күтпеу. Ешкім саған ешнәрсе міндетті емес. Ал өзің біреуге көмектескің келсе, бұл жақсы қасиет.
3) Өзіңе сенім аз кезде ылғи күмәнда жүресің. Біреудің пікіріне сүйенуге дайын тұрасың. Демек, өзіңе сенімділікті күшейту керек. Өзіне сенімді адамды біреудің сөзі, ісі ашуландыра алмайды.
4) Сенімділігіңді арттырғың келсе, қолыңнан не жақсы келеді, күшті жақтарың қандай, не нәрсемен мақтанасың, солардың тізімін жаса. Сосын оны жиі оқып тұр. Мүмкін биологиядан мықты шығарсың, тамақты дәмді істейтін шығарсың, мықты жүгіретін шығарсың.
5) Көмекке зәру адамдарға риясыз көмектесіп тұр. Біреуге көмектесу өмірдің мәнін кіргізеді, сарқылмайтын қуат береді. Сенімділігіңді арттырады.
6) Мақсаттарыңды қағазға жаз. Оларды оқыған сайын өзіңнің өмірде орның бар екеніңді, маңыздылығыңды ұғасың. Өзіңді құрметтей бастайсың. Қандай нәрсеге қол жеткізгің келеді, нені жақсартқың келеді, бәрін мақсатқа жаза бер. Осының ішінде бір мақсатқа жету үшін дәл қазір не істеуге болады? Ойлан.
7) Саған біреудің мақұлдауы қажет емес. Біреудің көңілі болмай тұрса, оған сен кінәлі емессің. Оны түзеуге міндетті емессің. Керек десең, егер біреу саған көңілі толмаса, сен бұрыс істеп жатсың дегенді білдірмейді. Көп жағдайда ол адамның өзіне көңілі толмай, ашуын сенен алғысы кеп жатқанын білдіреді.
8) Кез келген уақытта психологқа барып, сезімдеріңді басқарып үйрене аласың. Ол негативтен, біреудің ауыр сөздерінен қалай қорғануды үйретеді.