ҰБТ-ға дайындық барысында сенің миың басқа мүшелеріңе қарағанда тағамнан алынатын пайдалы заттарды көбірек сіңіреді. Төменде ағзаң мен миыңның жақсы дамуына пайдалы 10 түрлі тағамдарды ұсынамыз.
Балық. Майлы теңіз балығы құрамында ми функцияларына пайдалы омега-3 майлы қышқылы бар. Омега-3 қышқылын күнделікті қолдану адамның жадысын жақсартады.
Жұмыртқа. Сарыуыздың құрамында есте сақтау қабілетін жақсартатын холин элементі бар. Ас мәзіріне қайнатылған жұмыртқа, омлет тағамдарын қос.
Жержаңғақ. Ол ми жарғақшасын қорғайтын антиоксидант ㄧ Е дәруменінің көзі болып табылады. Жержаңғақты кез келген салатқа қосуға болады, ал жержаңғақ майын нанға жағып жеген дәмді.
Дәнді-дақылдар. Миға глюкозаның белгілі бір мөлшері қажет. Қабығы алынбаған тұтас дәнді-дақылдардың құрамында қанға қанша көлемде глюкоза түсуін реттейтін өзек те бар. Оған қоса, B тобының дәрумендеріне өте бай. Күнделікті өмірде тұтас дәнді нан қолдануға кеңес береміз.
Сұлы. Сұлы ботқасы - ең үздік таңғы ас, өйткені құрамында E, B дәрумендері, потассиум және мырыш бар. Бұлар зияткерлік әлеуетті толық жүзеге асыруға көмектеседі. Жаңғақтармен бірге құрғақ табада қуырып, йогурт немесе сүт қосып жеуге болады.
Жидектер. Құлпынай, қарақат, шие, таңқурай, бүлдірген құрамында қатерлі ісік ауруын туындауына жол бермейтін антиоксиданттар бар. Ғалымдардың зерттеулеріне сәйкес, құлпынай мидың тамырларын жақсартад, ми гипоксиясын алдын алады.
Бұршақ тұқымдастар. Үрмебұршақ, асбұршақ және жасымық ағзаға өте пайдалы. Себебі құрамы протеин мен өзекке, дәрумендер мен минералдарға бай. Күнделікті түрлі салаттарға қолдануға болады.
Көкөністер. Қызанақ, брокколи, кәді, асқабақ, шпинат, сәбіз, болгар бұрышы, жүгері — бұл көкөністердің құрамында зақымдалған жасушаларды қалпына келтіретін антиоксиданттар көп.
Cүт және йогурт. Сүт өнімдері ми тінінің өсуіне қажетті В тобының дәрумендеріне өте бай. Таңғы асқа орташа “тәттілігі” бар йогурт, майлы емес қаймақ, сүт, айран жеген жөн.
Сиыр еті - есте сақтау қабілетін арттыратын темір мен мырыштың көзі. Сиыр етін С дәруменіне бай қызанақ, болгар бұрышы, апельсин, құлпынай сынды тағамдармен бірге жеген пайдалы, себебі сол кезде ағза темірді жақсырақ сіңіреді.