Қазақша посттар

Грантқа түспей қалдым, енді не істеймін?

Болар іс болды, енді оған өкінудің қажеті жоқ

Болар іс болды, енді оған өкінудің қажеті жоқ. Көз жасыңды көл ғып төксең де, ешкім жарайды, ала ғой грантты деп ұсынбайды. Дұрыстап дайындалуым керек еді , басқа мамандықты белгілеуім керек еді , ақылы кеңес алуым керек еді , өйтуім керек еді, бүйтуім керек еді деп өкіну де енді қажет емес. Өткенді өзгерте алмайсың. Бірақ өмір бітіп қалған жоқ. Сенің алдыңда әлі қаншама таңдау бар. Соларға келейік.





1. Өмір осындай енді, бірде жолың болады, бірде сүрінесің. Жолың болса, ол, әрине, жақсы. Ал сүрінген кезде қайта тұруды үйрену керек. Осылайша сенде сүрінуге, құлауға қарсы антитела пайда болады. Бізді сүріндірген кедергілер мықты етеді. Оған күмәнің болмасын!





2. Әлі әкімнің гранты, ректордың гранты деген мүмкіндіктер беріледі. JOO.KZ порталын әрдайым қарап жүр. Біз тағы да берілетін гранттар туралы толыққанды ақпарат беріп отырамыз.





3. Егер одан да ештеңе бұйырмаса, демек бұйырмады. Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді. Демек сенде ақылы оқуға мүмкіндік бар. Өзіңе шын ұнайтын, өмірлік миссияңа сай келетін мамандық болса, онда ақылы оқуға түс. Бұл жерде екі нәрсе бар: бірінші курста сабақтарыңды 5 -ке жауып, екінші курста грантқа ауысып алуға болады. Оны толыққанды зерттеу керек. Қай мамандыққа, қай университетке грантқа ауысуға болады? Айырмашылық үшін қанша төлеу керек? Екінші нәрсе: егер грантқа ауысу мүмкіндігі болмаса, онда төрт жылдың ақысын төлеуің керек. Бірақ ақысын беріп оқыған соң, соған лайық мықты білім алып шығу керек.





4. Gap year алсаң болады. Яғни, бір жыл үзіліс алып, келесі жылы қайта ҰБТ тапсырып, грантқа түсесің. Бір жыл ішінде не істеуге болады: қаласаң, дайындал. Қаласаң, жұмыс істе. Қаласаң, қыдыр. Ақылы оқығың келмесе, ең жақсы вариант осы.





5. Тіптен оқымай-ақ, бірден жұмысқа тегін практикаға тұрып кетсең болады. Студенттер төрт жыл теориясын оқыған нәрсені сен бірден практикадан меңгересің. Әрине, бұл ұстаздарға, дәрігерлерге қатысты емес.


Қарап отырсаң, биыл грант ұтпасаң, бәрінен қағылдың деген сөз емес. Таңдау көп, тек асықпай, ақылмен шешім қабылдасаң болды.