Ештеңе істемесең де шаршап тұрасың ба? Әсіресе, таңда ояндың, бірақ шаршап тұрсың. Мұндай күйде қалай сабақ оқымақсың? Әр нәрсеге бір нәрсе себеп болады. Бұлай шаршаудың да бір себебі бар. Соларға тоқталайық.
1) Суды аз ішу. Ағзаның құрғауы күштің азаюына, шаршауға әкеледі. Күн сайын 1,5-2 л су ішкен дұрыс. Әсіресе, физикалық жұмыс кезінде, ыстық күндерді, сабақ оқығанда суды аямай ішу керек.
2) Ағзада магний жетіспесе, энергия да жетіспейді.
3) Стресс. Ағза стресске душар болған сайын адреналинді айдайды. Солай энергия сарқылады. Стресстен арылу үшін терең демалып, медитациямен шұғылдану қажет.
4) Аз қимыл жасаған сайын энергияң өзіңде қалады деген жалған. Керісінше,
энергияң аз болады. Денені шынықтыратын жаттығулар орасан энергия береді.
5) Құрамында қанты, көмірсуы көп өнімдер бірден энергия бергенмен, сүтпісірім уақыттан кейін одан бетер шаршайсың. Ондай азықтан аулақ болу керек.
6) Таңғы асты тастамау қажет. Әсіресе, дәнді дақылдардан жасалған ботқа түскі асқа дейін энергия береді.
7) Түннің бір уағына дейін смартфон қарап отырсаң, таңда оянғанда басың ісіп, энергияң өшіп тұрады. Оның өзің де талай байқаған боларсың. Ұйықтар алдында авиарежимге қоюды ұмытпа. Әйтпесе, тыз етіп хабарлама келген сайын ұйқың қашып кетеді.
8) Зейгарник эффектін білесің бе? Бітпей қалған іс басыңда жанып-өшіп кетпей тұрады. Бітпеген істі соңына дейін жеткіз. Біреуден басы артық жұмыс алма. Жоқ деп айтып үйрен. Демалуға көбірек уақыт қалдыр.
9) Қан құрамында темірдің көлемі аз болса, онда ағзаға оттек жетіспей жатыр. Демек, темірге бай өнімдер: жаңғақ, күнбағыс дәні, теңіз капустасын жеу керек. Гемоглобиннің деңгейін дәрігерден біле аласың.
Осының бәрін өзіңде тексеріп көр. Біреуі болса да шаршауыңа себеп болып жүрген шығар. Құр оқып қоймай, осы симптомдарды жоюға жұмыс істе.