Сенің әсер ете алатын аймағың және әсер ете алмайтын аймағың бар. Әсер ете алмайтын аймағыңа: мемлекеттің саясаты, ауа райы, шектік балл, оқу бағдарламасы, грант саны, ҰБТ-ның ережелері, т.б. кіреді. Бұлардың ешбірі сені уайымдатпауы қажет.
Өйткені сен бәрібір әсер ете алмайсың. Босқа энергияңды құртасың.
Ал әсер ете алатын аймағыңа: өз уақытыңды дұрыс үйлестіру, еңбек ету, білім алу, қайталау, үйрену, үйрету, ерік-жігеріңді күшейту, денсаулығыңды жақсарту, дұрыс тамақтану, спортпен айналысу, табандылық, жақсы ойлау кіреді. Сенің уайымың, әрекетің осылар ғана болуы керек. Осыларды реттеп, дұрыс жасасаң, әсер ете алмайтын аймағың да жақсы болады.
Жақсы білім алсаң, грантқа ілінесің. Тәртіп сақтасаң, ҰБТ-ның ережелерінен зиян жоқ. белсенді дайындалсаң, шектік баллдан асырасың. Табанды болсаң, кез келген оқу бағдарламасын тез меңгересің. Ойың жақсы болса, жаңбырлы ауа райы да көңіл-күйіңді түсіре алмайды. Жақсы маман болсаң, елдің саясатын дұрыс бағытқа өзгертушілердің бірі боласың.