Алдыма мақсат қойдым, сол жеткілікті, енді жоспарым өздігінен орындала береді деген ой қате. Қиыншылықтар міндетті түрде болады. Егер қолыңнан келмей жатса, бірінші қандай қателік жіберіп жүргеніңді анықтап ал.
1. Дұрыс қойылмаған мақсат . Мысалы, мақсат қоярда болымсыз етістіктерден аулақ болған жөн. Мен ҰБТ-дан аз балл алмаймын және Мен ҰБТ-дан жоғары балл аламын , айырмашылықты көрдің бе?
2. Сен басқаның үмітін ақтау үшін тырысып жүрсің. Адам ең алдымен өзі үшін алға жылжу керек, өзінің қалауынша мақсат қойып, соған ұмтылуы керек. Ата-анаңды қуанту үшін грантқа түспе, өз-өзіңді бақытты қылу үшін грантқа түс.
3. Қателікті жүрегіңе тым жақын қабылдайсың. Бір жерден шалыс бассаң, үмітіңді үзіп, енді мен ештеңеге де қол жеткізе алмаймын деп ойлайсың. Негізі ең атақты адамдардың да өмір жолы қателікке толы болған, соны ұмытпа.
4. Басқалардан ерекше болуға қорқасың. Өз жолыңды жасаудың орнына, басқаның жолын қайталағың келеді. Оңай емес, бірақ басқаға назар аудармай, өз жолыңмен жүр.
5. Уақытыңның көп бөлігін ақталуға құртасың. Сенің бүгін сабақ оқымаған себебің уақыттың жеткіліксіз болғаны емес, сенің еріншектікке басып қалғаның, мойындап, жеңе біл.
6. Ең жақсысына лайық емеспін деп санайсың. Үздік оқитындар грантқа түсе алмай жатқанда, маған не жоқ деген секілді ойлардан құтыл. Сен бәріне де лайықсың және кішкене күш жұмсасаң, бәріне жете аласың.