Қазақша посттар
Мотивация

Кинематография тарихын өзгерткен адам

Әлемге "Парк Юрского Периода", "Список Шиндлера" және "Индиана Джонс" секілді керемет фильмдерді сыйлаған, кинематография саласындағы ұлы режиссёрлардың бірі - Стивен Спилберг жайлы естімеген адам жоқ шығар. Егер киноны Стивен ағамыз түсірсе, демек, оның кезекті шедевр екені көрмей-ақ белгілі. Алайда осындай жетістік пен танымалдылыққа Стивен Спилберг қалай қол жеткізді? 


Алғашқы рет ол 12 жасында ойыншық пойыздарды қолданып, пойыздың апатқа ұшырауы жайында фильм түсіреді. Осыдан бастап, ол әрбір сапарына әкесінің кино-камерасын алып, өз бетінше фильмдер түсіріп бастайды. Ал 13 жасында Спилберг "Побег в никуда" деп аталатын 40 минуттық фильм түсіреді. Бұл фильмі кейіннен мемлекеттік конкурста бағаланып, марапатталады. 


Болашақ кино-гений өз өмірін кино саласымен байланыстыруды аңсап, Оңтүстік Калифорния Университетіндегі кинематографиялық өнер мектебіне түсуді армандайды. Бірақ Спилберг емтиханнан аз балл жинап, іріктеуден өте алмай қалады. Алайда оған бола қобалжымай, табандылық танытып, емтиханды тағы да бір рет тапсырып көруге тырысады. Бірақ бұл жолы да сүрініп, іріктеуден өтпейді. Сонда да үмітін үзбеген жас Стивен, құжаттарын басқа факультетке тапсырады. Әйтсе де, оған да түсе алмай қалады. 


Егер Стивеннің орнында басқа біреу болғанда, үмітін үзіп, алысқа баруға тырыспас еді. Алайда Спилберг жас болса да, оп-оңай беріле салған жоқ. Ол техникалық колледжге оқуға түсіп, оқудан қолы бос кезде қысқаметражды фильм түсірумен айналысып жүреді. Бір күні оның фильмдерін Universal Pictures студиясы байқап қалады, ал ары қарай Сәкеңнің өмірі қалай жалғасқанын айтпасақ та, өздерің білесіңдер. 

Сонымен Стивен Спилберг - әлемдік кинематография тарихындағы ең атақты режиссёрлардың бірі саналып, өз арманынан бас тартпаған, ұлы адамдардың қатарына кіреді.