Қазақша посттар

Грант қалай тағайындалады?

Гранттың қандай түрлері бар?


Жалпы грант. Республикалық білім грантының басым бөлігі осы жалпы грант. Мұнда грант оқу орнына емес, мамандықтар тобына бөлінеді. Яғни, грант алу мүмкіндігіңіз тек қана мамандыққа байланысты, қай университет таңдағаныңыз маңызды емес. Сондықтан, бұл грант түрін таңдағандар мейлінше ең жақсы оқу орындарын таңдаған дұрыс. Мықты университетте конкурс жоғары болады деген қате түсінік!





Атаулы грант (целевой). Мемлекет тарапынан кейбір оқу орнына арнайы гранттар бөледі. Бұл жерде әр оқу орнының грантқа шекті баллы әртүрлі. Бұл грант түрін иеленгендер грантын сақтай отырып басқа университетке ауыса алмайды. Себебі грант сол университетке бөлінген. Егер атаулы грант конкурсына қатысқыңыз келсе, міндетті түрде 4 таңдауыңыздың біріншісіне жазуыңыз керек. Атаулы грант кейбір мамандықтарда ғана бар. Мысалы, медицина, білім және ақпараттық технология салаларында бар. Және бұл грант түрінің шекті баллы көбінесе жалпы гранттан төмен болатынын ескергеніңіз абзал.


Серпін-2050. Аймақтардағы еңбек нарығын реттеуге бағытталған арнайы грант түрі. Яғни, оңтүстік аймақтардың түлектеріне солтүстік немесе шығыс аймақтардағы оқу орындарында грантпен оқу мүмкіндігі. Серпін бағдарламасы тек кейбір мамандықтарда ғана бар. Және грантқа шекті балл өте төмен.






Әкімдік грант. Бұл республикалық грант емес, әр облыстың өздері бөлетін, және өздері тағайындайтын грант. Бұл грант түрін біздің бағдарламаға енгізбедік. Себебі әр облыстың конкурсы әртүрлі және орталықтандырылмаған. Бұл грант конкурсына қатысу үшін негізгі республикалық грант конкурсының нәтижесі шыққаннан кейін өз облысыңыздың әкімдігіне өтініш білдіре аласыз.





Ректор гранты. Әр жоғарғы оқу орнының ішкі гранты. Бұл грантты әр оқу орталығы өздері тағайындайды. Және шарттарын да өздері белгілейді. Кейбіреуі олимпиада өткізсе, кейбіреуі ҰБТ-дан жоғары балл алып грант ұта алмаған талапкерлерге беріп жатады.



Көріп отырғаныңыздай грант түрі де, саны да көп. Грантқа түсу қиын емес, бастысы дұрыс таңдау жасай білу.