Бүгін біз алғашында сән әлемінде пайда болып, уақыт өте келе тұтастай бір өмір сүру стиліне айналған "минимализм" жайлы айтатын боламыз.
Минимализм дегеніміз не?
Минимализм - қарапайым, артық бөлшектерсіз, сырт көзге ұқыпты әрі жинақы көрінетін дизайн түрі. Мысалы егер сен минималистік стильде киінгің келсе, сенің гардеробыңда ақ, қара және сұр түсті базалық киімдердің болуы шарт.
Алайда минимализмнің мәні бұдан да тереңде жатыр. Минималистік өмір сүру - қолда барға қанағат етіп, жоққа шүкіршілік етуге үйретеді.
Шыныменде, біз көп нәрсенің қадірін білмейміз. Нан алсақ та, оны бір күннен кейін менсінбей, жемей қоямыз. Киімді бір-екі рет киген соң, тағы да кигіміз келмей қалады. Үнемі көбірек тұтынып, айналамызды затқа толтыра бергеннен бізге ешқандайда пайда жоқ. Бұл, керісінше, біздің зейін қоюымызды нашарлатып, тынысымызды тарылтып, ойымызды бөледі.
Ал минималистік өмір сүру стилі жан-жағымыз бен ойымызды ретке келтіріп, артық қоқыстан арылуға шақырып, өмірімізді біршама жеңілдетуге көмектеседі.